Тоқаев ЕАЭО аясындағы әкімшілік кедергілерді жою қажеттігін айтты

21.12.2025 23:03

пресс-служба Акорды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кедендік реттеу мен мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі жекелеген шешімдерді өткізу тетігіне айналмауға тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттықта әкімшілік кедергілерді толықтай жоятын уақыт жетті. Ол азаматтардың еркін қозғалысына тосқауыл қоятын қолдан жасалған шектеулерді алып тастап, шекараларда жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін жою қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы кедендік, көлік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау шаралары ортақ келісімдер аясында ғана қолданылуы керек екенін жеткізді.

«Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған көптеген құжат қабылданды. Ендігі міндет – осы келісімдерді мүлтіксіз орындап, өзара алыс-беріс пен транзитке кедергі келтіретін түйткілдерді дер кезінде шешу. Кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты басымдық болуы тиіс. Азаматтар мен бизнес интеграцияның нақты пайдасын сезінуі керек», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінің заңнамалық бастамаларын жедел бақылау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл ықтимал кедергілерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың географиясын кеңейтуге де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы, ал Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылған.

«Бүгін Индонезиямен де осындай келісім жасалады. Бұл – бірлескен жұмыстың маңызды нәтижесі әрі үшінші елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңде ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдерімен өзара іс-қимылын кеңейту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ШЫҰ, АСЕАН секілді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға баса мән беру қажет екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: «Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ»