Президенттің атына шетелден көңіл айту жеделхаттары келіп түсуде
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты бірқатар мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына көңіл айту жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан басшысына жолдаған жеделхатында қаза тапқан әскерилердің отбасылары мен жақындарына шынайы көңіл айтты.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспийдегі оқу-жаттығулары барысында болған қайғылы оқиғаға байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына шынайы жанашырлығым мен қолдауымды жеткізуіңізді сұраймын. Ресей халқы олардың қайғысы мен қасіретін бөліседі», – делінген Ресей Президентінің жеделхатында.
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров та Мемлекет басшысына хабар жіберіп, бұл қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Қырғыз Республикасының халқы және өз атымнан Сізге, қаза тапқандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына осы ауыр сәтте шын жүректен көңіл айтып, қолдау білдіремін. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», – деді Садыр Жапаров.
Сонымен қатар бірқатар елдердің Сыртқы істер министрліктері де ресми көңіл айту хабарламаларын жариялады. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бауырлас Қазақстан халқына қолдау білдіріп:
«Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына және Үкіметіне көңіл айтамыз. Алла қаза болғандарға мәңгілік тыныштық беріп, олардың отбасыларына осы қиын-қыстау кезеңде күш-қуат пен сабыр берсін», – деп жазды.
Түркия Сыртқы істер министрлігі де Ақтау жағалауындағы қайғылы оқиғаға байланысты үлкен қайғымен көңіл айтатынын жеткізді.
«Ақтау жағалауында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қаза болғанына қатты қайғырдық. Қаза тапқандардың жақындарына және Қазақстан халқына көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары үздіксіз келіп түсуде.