Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамын - Мемлекет басшысы

07.10.2025 18:21

Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді

«Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамын». Бұл –Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз алған Мемлекет басшысының ұсынысы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді.

Сонымен қатар аталған сала мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашу жоспарланғанын тілге тиек етіп, Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түркі елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын екенін жеткізді. Келер жылы елімізде өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынды.

«Бұл орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтар игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті нығайту қажет екенін нақтылады. Мемлекет басшысы соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өскенін айтты. Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе және Киберқауіпсіздік кеңесін құру, Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыру мәселесіне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһан елдеріндегі қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететініне ерекше тоқталды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі екенін айтып, түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруы тиіс деп атап өтті.

«Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Қазақстан «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды