Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады
Қаңтар оқиғасында жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кеткен. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында. Қасіретті қаңтар оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры билікке қарсы «бунт» шығаруға әкеп соқты. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құттылып кетті. Шын мәнінде олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет Президентке өтініш жолдаған.
«Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын. Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.