ҚР Парламенті Сенаты Жолдауда белгіленген басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын. Бұл туралы ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа парламенттік маусымның кезекті сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады. Жолдауда ел дамуының басым бағыттары мен алдағы мақсат-міндеттері белгіленген. Биылғы Жолдау республикалық референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаларды іске асыруға, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Экономиканы жүйелі түрде әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру, саяси жүйені әрі қарай реформалау бағыттарында жаңа бастамалар көтерілді», - деді М. Әшімбаев бүгінгі Сенат отырысында.
Сенат төрағасы бұл бастамалардың жаңа Қазақстанды құруға арналған нақты қадамдар екенін атап өтті.
«Ел мүддесі жолында стратегиялық шешімдер де қабылдануда. Парламентке де бірқатар заңнамалық міндеттер жүктелді. Көтерілген мәселелерді іске асыру үшін алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқару қажет. Сенат белгіленген басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жүргізуге дайын. Бұл біздің басты міндетіміз. Сол себепті біз сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық институттармен және басқа да мүдделес тараптармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуіміз қажет. Мәжіліспен және Үкіметпен бірге сапалы заңдарды уақытылы қабылдауды қамтамасыз етуіміз керек.
Сондай-ақ сіздер парламенттік каникул кезінде өңірлерге, шалғай ауылдарға барып, халықпен кездестіңіздер. Сол кездесулерде көтерілген мәселелер палатаның осы сессиядағы жұмысында жан-жақты ескерілуі қажет. Өздеріңіз көріп отырғандай, алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Сессия барысында бәріміз бірігіп, осы бағыттарда нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев.