Б. Нұрахметов: Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – оқу орнының басты міндеті

Almaty.tv
Almaty.tv
Технологиялық мамандарды даярлайтын білім ордасында қазір 4 жатақхана бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – әр жоғары оқу орнының басты міндеті болуы керек. Ол үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, аз қамтылған санат үшін пәтер жалдауға субсидия бөлу сияқты жолдарды қарастыру маңызды. Алматы технологиялық университетінің ұстаздары бүгін Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді талқыға салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектеп бітірушілерінің саны өскен сайын жоғары білім беру сапасын арттырып отыру міндеті туады. Бүгін жолдауды талқылаған Алматы технологиялық университетінің мамандары жастарға сапалы әрі қолжетімді жоғары білім беру жайын сөз етті. Бұл ретте білім ордасында эндаумент-қор жұмыс істейді. Сондай-ақ педагог қауымы мемлекет басшысының Ұлттық қордан қаржы бөлінуін өте оң шешім, жас буынның болашағына жасалған инвестиция деп санайды.

«Ұлттық қордан балаларға 18 жасқа толғанда ақша бөлінетіні ұнады. Бұл біріншіден ата-аналарға пайдалы деп ойлаймын. Сол жиналған ақша баланың оқуға түсуіне пайдалы болады деп ойлаймын», – деді АТУ ҚХА кафедра меңгерушісі Зәмзә Қодар.

Сала мамандары аз үстемақымен несие беру де жоғары білім алғысы келген жастарға жақсы мүмкіндік деп атап өтті.  Ал университеттердің инфрақұрылымдық жағдайы да сай болуы керек. Президент өз жолдауында жатақхана жетіспеушілігіне арнайы тоқталып, түйткілді шешудің бірнеше жолын көрсетіп берді. Технологиялық мамандарды даярлайтын білім ордасында қазір 4 жатақхана бар. Студенттердің 70 пайызын қамтып отыр. Жатақханада орын жетпей жатқаны жасырын емес.  

«Сол 70 пайызын ары қарай ұлғайту үшін біз келесі оқу жылына қалалық әкімшілікпен бірлесе отырып жер телімдерін алу мәселелері қарастырылып жатыр. Егер де әкімшілік тарапынан оң шешім шығарып жатса біз өз қаражатымыздан бір немесе екі жатақхана салуға мүмкіндігіміз бар», – деді АТУ бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов.

Елімізде 600 мыңға жуық студент болатын болса соның 180 мыңы Алматы қаласында шоғырланған. Оның 30 пайызы ғана жатақханамен қамтылған.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров