Елімізде енді әрбір балаға Ұлттық қордан 18 жасқа дейін ақша беріліп отырады. Президент «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қордағы жылдық инвестициялық кірістің 50 пайызы жинақтаушы есеп-шотқа жіберіледі. Қаржы бала кәмелет жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Ал оны мерзімінен бұрын алуға болмайды. Кейін қаражат тұрғын үй сатып алуға және білім алуға берілмек.
«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланғаны үшін нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды жаңалық - әйелдердің зейнетке шығу жасы. Ол енді 61 жас деңгейінде деп бекітіледі. Бүгін мемлекет басшысы осылай мәлімдеді. Көпшілік талқысындағы әлеуметтік сауалды ескере отырып, әйелдер үшін зейнетке шығу жасының межесі 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. «Президент шешімі көпті қуантқан ақпар болды» дейді Сенат депутаты Дана Нұржігіт.
«Президент жолдауының көптеген тұсы әлеуметтік мәселеге арналды. Оның бірі өзім қуана қарсы алған жаңалық әйелдердің зейнетке шығу жасын 61-ге төмендету. Бұл бірте-бірте болатын үдеріс. Бірақ тоқтамайтын үдеріс. Бұған дейін мен депуттатық сауал жолдаған болатын. Сондықтан мені бүгін жаңалық қатты қуантты», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.