Қоғамда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен қатар еліміздің саяси аренасындағы соңғы өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Белгілі композитор, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев та елдегі саяси өзгерістерге өз бағасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің жақында ғана халыққа маңызды үндеу жариялағанын айтқан композитор халыққа өз өтінішін айтты.
«Мынау қиын-қыстау заманда деп айтайын, ел басқарып кету оңай емес. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы жөнінде айтатын болсам, менің жасым ол кісіден үлкен. Ол кісінің қызмет жолы, дипломатиялық жұмысынан басқа, Үкіметті басқаруда, Сенат басқаруда тек ғана жағымды жағынан көзге түскені рас. Күні кеше ғана парасатты оймен президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткіземіз деп өз үндеуін жасады.
7 жылда талай іс бітіруге болады. Біздің сеніміміз өте зор. Жеті киелі сан. Жеті жарғы дейді, Жеті ата дейді, Жеті ру дейді, Жеті қазына дейді. Жан-жаққа жалтақтамай, басқа адам іздемей, Қасым-Жомарт Кемелұлының кандитатурасын қолдасақ деп ойлаймын. Бұны әріптестерімнің, бауырларымның атынан қазақ еліне жасаған өтінішіз деп қабылдарсыздар. Бұл өте парасатты, дұрыс шешім болар еді», – деді ол.
Алтынбек Қоразбаев елімізде соңғы 3-4 жылда реформа жүріп жатқанын айтады. Сол реформалардың арқасында талай іс атқарылып, кей мәселе бойынша қуанатындай жағдайға жеттік.
«Елімізде соңғы 3-4 жылда әжептеуір реформалар жасалып жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен істердің басында тұр. Ешкімге жалтақтамай, ешкімнен қорықпай, талай шаруаны реттеді. Шетелге асқан байлық Қазақстанның қазынасына қайтадан құйылып жатыр. Бұл деген қуанатын жағдай.
Үлкен инвестиция тартылып жатыр. Жеті деп бекер айтқан жоқ. 7 жылда инвесторлармен талай шаруаны атқаруға болады», – деді композитор.
Халық әртісінің пікірінше, әділдік, адалдық – Жаңа Қазақстанның жаңа көзқарасы. Ол –демократиялық Қазақстан құру үшін өте қажет.
«Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Әділдік, адалдық – Жаңа Қазақстанның жаңа көзқарасы. Шынында да, бізге сезіліп жатыр. Бұлар қазақ елі үшін, қазақ жері үшін, демократиялық Қазақстан құру үшін өте қажет деп ойлаймын», – деді Қоразбаев