Тәрбиешілердің айлығын көтеру мәселесі оларғақойылатын талаппен бірге артады. Парламент кулуарында Президент жолдауының білім саласына қатысты тапсырмалары туралы пікір білдірген ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осындай пайым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Білім саласы Мемлекет басшысының үнемі басты назарында. Оны жаңа өздеріңіз көрдіңіздер. Өте көп бастама айтылып, бізге бірқатар тапсырма берілді. Осы тапсырмалардың шеңберінде жұмыс істейміз. 1-2 күннен кейін нақты қандай шаралар қабылданатыны жөнінде ресми ақпарат береміз», - дейді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол балабақша тәрбиешілерінің айлығын көтере түсу уақыт талабынан туындап отырған мәселе екенін атады.
«Мемлекет басшысы ұстаз мәртебесі, олардың жалақысы туралы әрдайым айтып келеді. Жалпы келесі жылы қаңтардан бастап мұғалімдердің айлығы 25 пайызға көтеріледі деген тапсырмасы бар. Оған бүгін Мемлекет басшысы тәрбиешілердің еңбекақысын көтеріп, жүктемесін азайту қажеттігін айтты. Бұл – керемет нәрсе. Өйткені олардың да жалақысы көтеріліп жатқанымен, ұстаздарға қарағанда аз болғандықтан әлі де көтере түсуді қажет етеді. Педагогтерді аттестаттау және аккредиттеу бойынша жұмысты бастап кеттік те. Енді мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да осындай жұмыс жүргізу туралы тапсырма берілгенін көрдіңіздер. Бұл шын мәнінде халықаралық тәжірибеде бар», - дедіАсхат Аймағамбетов.
Министр жалпы тәрбиешілерді аттестаттау, мұғалімдерді акрредиттеу және сертификаттау, «Қолайлы мектеп» жобасы туралы Президент тапсырмалары бойынша міндетті түрде жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлім етті.