|
16.03.2022 | 20:52
3648

Президенттің саяси реформалары халық игілігіне қызмет етіп жатыр – сарапшылар

2019 жылы сайланған Президенттің саяси қадамдарын саясаттанушылар төртке бөліп қарастыруға болады дейді

Президенттің саяси реформалары халық игілігіне қызмет етіп жатыр – сарапшылар Almaty.tv

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар тізбегі президенттік өкілеттілігі басталған сәттен іске асып келеді. 2019 жылы сайланған мемлекет басшысының саяси қадамдарын саясаттанушылар төрт бөлікке алып қарастыруға болады дейді. Мәселен, «Еститін мемлекет» қағидасы қазірде ел ішіндегі өзін-өзі басқару жүйесін едәуір дамыта түсті. Ал әкімдерді халықтың өзі сайлап, көшбасшылық жауапкершілікті жүктеуі керек деген жолдауы қазір іс жүзінде орындалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

     

«Құрметті отандастар! Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұл ел Президентінің 2019 жылы қырқүйекте саяси реформаларға қатысты жасаған жолдауы болатын. Нақты қадамдарға көшетін кез келді деген Мемлекет басшысы, әрбір минстрлік пен әкімдіктерде атқарылған жұмыстардың нәтижесінің тізімі болуы тиіс деп еді. Сол арқылы атқарушы органдардың мақсатқа жетудегі жасалған жұмыстары айқындалатынын айтқан болатын.

«Билік бұқараның талабын тыңдап, дер кезінде мәселені ушықтырмай шешіп отыруы керек. Халықпен үнемі байланыс жасап, елге есеп беруді жиілетуі тиіс. Көпірген уәдені қойып, нақты іске кешетін кез келді. Бұны билік басындағылар мен әкімдер қолдап, жүзеге асырсын. Президент ретінде экономикалық дамудың жалпы есептеріне қарағанда, мені халықтың нақты әлеуметтік жағдайы алаңдатады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Президент саяси өзгерістің алғашқы қадамдарын, әкімдер әділ сайлаудан өтіп, халық қалаулысын халық таңдасын деуінен басталған еді. Көп ұзамай бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, 14 облыстағы 1845 сайлау учаскесінде өткен сайлауда, халық екі мыңнан аса үміткерден 730 әкімді өзі таңдаған болатын.

«Бұл бастаманы қолдап қана қоймай, шын қуаныштымыз. Өз ауылыңның қыр-сырын білетін адамды сайлау әділ болатыны рас. Өйткені өз адамың жауапкершілікті сезіне алады», - деді Алматы облысының тұрғыны Мұрат Руфатов.

Ел президенті бастаған нақты қадамдардың бірі – депутаттық мандаттарды бөлу кезінде партиялардың сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін квотаның 30 пайызын беру болатын. Мұндай шешімдердің бәрі бәсекеге қабілетті қоғам құруға септеседі дейді саясаттанушы.

«Азаматтық қоғамның институттарын қалыптастыру. Оның арасында саяси партиялар құру. Саяси партиялар құру арқылы азаматтардың болып жатқан сайлауға, болып жатқан істерге араласу үшін өзінің аймағындағы басшыларды сайлау. Ең айтылған маңызды мәселе, менің ойымша, суперпрезиденттік жүйеден президенттік және күшті парламенттік жүйесі, күшті мәслихаты бар мемлекет құру», - деді саясаттанушы Есенжол Әлияров.

Жоғарыда аталған саяси реформалар ел ішінде қолдау тауып, қазірде халық игілігіне қызмет етіп жатыр. Президент айтпақшы, Жаңа Қазақстанды бірге өркендету қалды.

Әлібек Шынтемір, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир