|
02.09.2021 | 21:41
7848

Президент Жолдауы: Сарапшылар пікірі қандай

Жұмысшылардың жалақысын өсірген жұмыс берушіге сатып алу кезінде жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі

Жұмысшылардың жалақысын өсірген жұмыс берушіге сатып алу кезінде жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі. Президент өз Жолдауында Үкіметке жұмысшылардың еңбекақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Бұдан бөлек, Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді жүктеді. Мемлекеттік қаржыны тиімді басқару жүйесін әзірлеуді міндеттеді. Осы және өзге де мәселелер туралы сарапшылар не дейді? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек пікірлерін біліп қайтқан еді.

Назарбаев мектебінің 10-сынып оқушысы Санжар Бейсенәлі Президенттің дарынды балаларды қолдау керек деген ұсынысы қуантты дейді. Ол химия пәні бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы. Соңғы рет ел намысын Жапонияда ұйымдастырылған білім додасында қорғап, күміс медаль жеңіп алған.

«Президентіміз өз Жолдауында біз сияқты дарынды балаларды қолдау керектігі туралы айтып кетті. Мен оған өте қуаныштымын және де ризамын. Осы сөздер бізге тағы да басқа жетістіктерге жетуге жігерлендіреді, еліміздің болашағына деген сенім береді», – деді халықаралық пәндік олимпидалардың жеңімпазы Санжар Бейсенәлі.

Ал, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев Президенттің қазіргі таңда қауіпті дерттен барынша қорғану туралы айтқан сөздері көңілге жақты дейді. Әлемді әбігерге салған вирустан қорғану үшін қазақстандық ғалымдар көптің алды болып вакцина жасап шығарды. Қазір «Казвакқа» өзге мемлекеттер де сұраныс білдіріп отырған көрінеді. Енді тек елдің саулығын ойлап, екпе алуға қарсы болып жүргендердің жетегінде кетпеу керектігін мемлекет басшысы Жолдауда баса айтты.

«Антиваксердің жағдайын айтты. Оларды жауапкершілікке тарту керек деп. 4-5 ай бұрын біз күнде сол 900, 1000, 2000 болып, біз 7-8 мыңға дейін жеттік күнделікті аурудың саны. Адам өлімі бұрын 20-30 өлім болушы еді, кейінгі 3 айдың ішінде күнде 120-170 адам қайтыс болды. Осы антивакцерлер керек емес дегенді жөнге келтіру», – деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев.

Мемлекет басшысының өз Жолдауында экономиканың негізгі тірегі бизнесті қолдау шараларын жалғастыру бойынша берген тапсырмасы өте орынды деп санайды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатта кемінде 1 трлн теңге бөлінбекші.

«Президенттің бағдарламаларды әрі қарай жалғастыру туралы шешімін қолдаймыз. Өйткені кәсіпкерлер бұл бағдарламаларға белсенді қатысады. Әсіресе мемлекет басшысының ауыл кәсіпкерлерін қолдау керектігі туралы айтқаны қуантты. Дәлірек микроқаржы ұйымдары арқылы қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік жасау керектігі өте орынды. Себебі ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнес өкілдеріне банк арқылы жұмыс істеу қиын», – деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Сонымен қатар, Жолдауда мемлекеттік қаржыны жұмсау және оны бақылау тәртібіне үлкен мән берілді. Ұлттық қордың қаражатын үнемдеп, тиімді жұмсау туралы сөз болды.

«Ең бірінші орында Президент ең алдымен экономикалық мәселеге назар аударды. Экономикалық бастамаларды айтты. Не себепті? Себебі бүгінде Қазақстан үшін қазір экономиканы реттеп экономикалық тұрақтылықты бір бағытқа аудару керек. Еліміздегі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына қатысты. Яғни бүгінгі Ұлттық қордан бөлінетін ақшаның тиімділігін реттеу, сонымен қатар мемлекеттен бөлінетін ақшаны бақылау деген секілді мәселелер көтерілді», – деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.

«Ұлттық қор аударымдарын нақты реттемейтін болсақ, аз уақыт ғана жыл ішінде ол сарқылып, тіпті Ұлттық қордың түбі көрінуі мүмкін. Ол жинақ ретінде келешек ұрпақ үшін қызмет жасауы керек.Тағы бір маңызды мәселе бұл - ақша-несие саясаты бойынша Ұлттық банк нақты инфляциямен күресуі жұмысын қолға алуы керек. Бұл жерде ақша массасының көптеп баслып шығарылғаны тілге тиек етілді», – деді экономист Мақсат Халық.

Бұл Президент Жолдауында көтерілген бастамаларға әр сала мамандарының білдірген пікірі. Барлығының ойы осы жолғы Жолдау мемлекетіміздің бүгінгі және алдағы уақытта атқаруға тиісті  іс-шаралардың бағдары болды дегенге саяды. Жалпы мамандар еліміздің өркендеуі жолындағы ауқымды сын-тегеуріндерді еңсерудің мүмкіндігі және соны жолы деп бағалап отырғанын аңғардық.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир