Бас прокуратура қаралы қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық тізімін әзірлеу үстінде. Әзірге амнистияға қанша адам ілігетіні белгісіз. Белгілісі 5 мыңнан астам іс тергеліп, мыңға жуық адам сотталған. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент айтқан рақымшылық тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілерге берілмейді. Мемлекетке опасыздық жасауға әрекеттенген әрі билікті күшпен басып алғысы келген айыптыларға да қарастырылмаған. Кешірім алдымен кінәсін мойындап, ісіне өкінгендерге беріледі екен. Тізімге кімдердің іліккені әзірге белгісіз.
«Бүгінгі таңда оны нақты айта алмаймыз сразу. Жұмысты енді-енді бастап жатыр. Қандай, қанша адам рақымшылыққа іленетінін қазір айта алмаймыз. Өзіңіз білетіндей барлық БАҚ беттеріне біздің өкіл жариялаған сияқты 5000-ға жуық іс тіркелді. 1000-ға жуығы соттан өтті. Енді бәрін саралап айтатын боламыз», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев.
Осылайша Бас прокурордың орынбасары кешірімге іліккендер тізімін кешірек жариялайтынын жеткізді. Одан әрі заң жобасы Парламентте қаралып, қабылданбақ.
«Тиісті заң жобасы ІІМ мен басқа да мемлекеттік орган қатысуымен қандай Қылмыстық Кодекс баптары еңгізілетіні пысықталуы қажет. Сондай-ақ тиісті заң жобасы ертең Парламенттен өтетін болады», – деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
«Қаралы қаңтар оқиғасының әлі де болса ашылмаған тұстары жетерлік» дейді мәжілісмен Берік Дүйсенбинов. Оның пікірінше, Президенттің рақымшылық беру туралы қадамы ел бірлігін сақтау үшін жасалып отыр. Дегенмен нағыз қылмыскерлер өз жазасын алу керек, - дейді.
«Қылмыс жасаған азаматтар жазасын алу керек. Барлық дәлелімен жазаға тартылуы керек. Қылмыс жасаған адам ешқайда кетпеуі керек. Ол ешқандай амнистияға кірмеуі керек. Ашық анық ақпарат болуы керек. Халыққа нақты жауап берілуі тиіс», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов.
Қазір істі болғандардың қылмысын саралау жұмыстары басталып кеткен.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы