Бүгін бірлестік Алматыда өздерін таныстырып, алғаш рет баспасөз конференциясын өткізді
Қазақстанда Тоқаев реформаларын қолдауға бағытталған қозғалыс құрылды. Бүгін бірлестік Алматыда өздерін таныстырып, алғаш рет баспасөз конференциясын өткізді. Қоғамдық қозғалыс құру туралы бастаманы зиялы қауым, елге еңбегі сіңген ақын-жазушылар, мәдениет және спорт қайраткерлері көтерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл баспасөз конференциясы басқалардан өзгерек. Өйткені елде алғаш рет Мемлекет басшысының реформаларын қолдауға арналған қоғамдық қозғалыс құрылды. Бір топ зиялы қауым өкілдері, елге танымал азаматтар бас қосып, бірлестіктің жұмысымен таныстырды. Жалпы қозғалыс құрудағы мақсат – Президент реформаларын халыққа бүге-шүгесіне дейін түсіндіру, оны ауызбіршілікпен бірігіп жүзеге асыру. Олар мемлекет басшысы қозғаған мәселелердің барлығы орынды дейді.
«Қазақстанда жаңа саяси дәуір басталды. Бұл өзгерістерді халық көптен бері күтті. Елімізде саяси ауқымды реформалар іске асуда. Ол реформалар мақсатты түрде және мызғымас бағытта жүзеге асады деген сенімдеміз. Президентіміз халыққа сүйене отырып, ауқымды өзгерістерге бастама жасады. Барлық дүние қисынды деп ойлаймыз», – деді Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.
Жалпы 2019 жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Әрине, халықтың қолдауымен. Қыркүйектің басында Мемлекет басшысы саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырудың нақты жоспарын ұсынды. Бұл жолы да дүйім ел оның басы-қасында болуы керек, - дейді зиялы қауым. Сөздерінше, жаңадан құрылған қозғалыс үгіт-насихат үшін ғана емес, нақты іс атқаруға құрылған. Олар халқымыз үшін осы маңызды кезеңде соңына дейін бірге болуға бекініп отыр.
«Біз қоғамдық қозғалыс құрып жатқан ұйымымызды тек қана Президенттің сіңіріп жатқан еңбегін жұрттың бәріне жеткізу. Президентті халық қолдайды. Мен оған сенемін. Өйткені халық қолдамаса, Президенттің еңбегі еш кетеді», – деді «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов.
Қозғалыс белсенділері биылғы Жолдауда айтылған Президентті бір мерзімге ғана сайлау ұсынысын да талқылады. Бұл болашақта билікті меншіктеп алуға жол бермейді. Әділ әрі ашық Үкімет құруға мүмкіндік береді дейді. Мәселен, бала туғанда төленетін жәрдемақы мерзімі ұзарды. Бұрын-соңды болмаған Ұлттық қор табысының игілігін барша қазақстандық балалар көретін болды. Ал 7 жыл мерзім реформаларды жүзеге асыру үшін жеткілікті деп отыр. Тек әр сала мамандары өзіне қатысты міндеттерді орындаса деген игі тілек бар.
«Бұл президент 7 жылдық екенін, оның реформаларын сол 7 жылда барынша іске асыруды үлгеруіміз керек екенін тәрбиелеп сіңіруіміз керек қоғамға. Өйткені реформаны жолдап, бағыт беретін Президент болғанымен, оны іске асыратын қоғам. Премьер-министрден бастап мектептегі мұғалімге дейін. Отыра берсек, 70 жыл да жетпейді. Оңалмайтын нәрсе 30 жылда да оңалмайды. Бәрін біреу береді деп жатпаңдар деген Шынболат Ділдебаевтың жақсы сөзі бар ғой», – деді ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Заитов.
«Қаңтардан бері қазақ біраз көңіл-күйі ала-құла болды. Көп нәрсені басынан кешті. Жаңа бағытқа ел Президенті елімізді бастап жатса, оған неге қолдамасқа?! Біздің қазақтың әу баста айтатын бір сөзі бар. Хан шаңырақ болғанда, халық уық дейді. Еліміздің елшіл азаматтары сол шаңырақты шайқалтпайтын бақанға айналамыз деп осындай қозғалыстың айналасына топтасып жатырмыз», – деді Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан Қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы.
Жиналғандар қоғамдық қозғалыс қатарына барлық ниет білдіргендер қосыла алады деді. Осылайша бастамашылдар еліміздегі өзгерістерді жақтайтындармен бірікпек. Айта кетейік, бірлестіктің жұмысы бір күнмен шектелмейді. Қозғалыс ел президентінің ұсыныстарын барынша жүзеге асыруға ниетті.
Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы