Қазақстан Президентінің Жолдауы туралы шетелдік БАҚ не дейді

18.03.2022 01:18

Олар Президент бастамаларына үміт артып, реформаның іс жүзінде орындалуын күтетінін жазды

Almaty.tv

Шетелдік беделді бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын жарыса жазды. Жарияланған мақалада пікір білдірген дипломаттар мен халықаралық саясаткерлер Жолдауда айтылған реформалар Қазақстанда жаңа саяси жүйе орнатуға мүмкіндік береді деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

 

16 наурыз күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында стратегиялық мақсатқа жетудің 10 бастамасын ұсынды. Әуелі парламенттің ықпалын күшейтуді, кейін партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыруды тапсырған ол Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуды көздегенін айтқан еді. Бұл бастамаларды Еуропа және ТМД елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары өз тілдерінде жариялап, бірқатары оң көзқарас танытты. Солардың бірі, «Дипломат» журналының бас редакторы Кэтрин Пуц «Президенттің халық игілігі үшін жаңа бастамаларды жүзеге асыруы – оңтайлы шешім» дейді.

«Тоқаев өз сөзінде Ұлт жағдайы туралы көптеген ұсыныстар айтты. Бұл көп қазақстандықтардың саяси реформа жүргізуге деген ұмтылысын растайды. Әдетте, мұндай ұсыныстарды заңға айналдыруға және халыққа биліктің бұл заңдарды дұрыс жүзеге асыруын бақылауына ұзақ уақыт қажет. Бірақ қазір уақыт өте тығыз. Өйткені қаңтардағы оқиға мен Ресейдің Украинадағы әскери іс-қимылы қауіптің қаншалықты жақын екенін еске салады», - деді «The Diplomat» журналының бас редакторы Кэтрин Путц.

Ал бельгиялық дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасына қатысты сөзіне жеке ойын білдірді. Өз сөзінде ол сол кездегі наразылық экономикалық мәселеден бөлек, есеп беретін саяси жүйені талап етті дейді. Сондықтан Президент өз жолдауында осы тақырыпқа басымдық бергенін алға тартты. Бұл бұрынғы саяси жүйенің сарқылғанын дәлелдейді және үлкен өзгерісті талап етеді деген пікірде.  

«Президент Тоқаев халқы көптен күткен үндеуін жасады. Қыркүйектегі бастама Наурыз айында жаңа реформа болып жалғасты. Бұл Қазақстанды қайта құру мен тұрақты өзгерістерді қамтудың қажеттігін байқатады. Ал саяси тұлғалардың қазақстандықтар алдында жауапкершілігін және ашық болуын талап етеді», - деді Әлемдік дипломатиялық институт менеджері (Бельгия) Альберто Туркстра.

Ал ресейлік саяси сарапшы Дмитрий Бабич өз жазбасында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың асқақ арманын жүзеге асыруға бағытталған қадамдар жасағанын айтады. Оны тек мәлімдеп қана қоймай, заң жүзінде жүзеге асыруды көздейді деп ой қорытты. Сәйкесінше қабылданған заңдар жүйелі жүзеге асқаны дұрыс деп кесті.  

«Президент Тоқаев қасіретті қаңтарға дейін Қазақстанның саяси өмірін демократияландыруға бағытталған 10 заңға басымдық бергенін еске салды. Соның бірі халықтың ашық аспан астында емін-еркін бас қосып, пікірталас пен саяси акциялар ұйымдастыруына мүмкіндік беретін жаңадан қабылданған заң еді. Бірақ қаңтарда бүлікшілер мен лаңкестер осы заңды кері мақсатта пайдаланып қалғысы келді. Шын мәнінде, олардың негізгі мақсаты – демократиялық заңды бұрмалау және қиянат жасау болды. Президент Тоқаев өз сөзінде «бейбіт шеру» туралы заңның толық орындалуын және қорғалуын тағы да талап етті», - деді публицист, саяси сарапшы (Ресей) Дмитрий Бабич.

Осылай елде қабылданған реформаларды талқылаған бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстандағы саяси жүйені өзге елдермен де салыстыра кетті. Сондай-ақ олар Президент бастамаларына үміт артып, реформаның іс жүзінде орындалуын күтетінін жазды.   

Аяулым Көлжігіт, Әлихан Тоқмырза, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы