Жолдауда айтылған жастарды еңбекпен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Narxoz университеті 150-ден аса студентті кәсіпкерлікке үйретуді қолға алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық жоғары оқу орындары жастарды кәсіпкерлікке баулуды қолға ала бастады. Нархоз университеті биыл 150-ден аса студентке өз мамандығын қалай кәсіпке айналдыруға болатынын үйретпек. Бұл – жастарды еңбекпен қамту туралы Жолдауда айтылған бастаманы жүзеге асырудағы алғашқы қадам болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.


Президент өз Жолдауында келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастырумыз керек деп қадап айтты. Жастардың бастамаларына қолдау көрсетіліп, 2 жарым пайыздық жеңілдетілген несие берілетінін де тілге тиек етті. Осыдан кейін Үкімет саясатын іске асыру мақсатында Narxoz университеті 150-ден аса студентті кәсіпкерлікке үйретуді қолға алды.  

«Биылдан бастап бізде «Майнер» бағдарламасы ашылды. Ол шағын бизнесті басқару деп аталады. Екі жылдың ішінде олар толықтай кәсіпкерлікті бастауға, оны іске асыруға қажетті дағдыларды меңгеріп шығады. Өздерінің кәсіпкерлік идеяларын іске асырып, нарыққа шығуға мүмкіндік алады», – деді Narxoz университетінің профессоры, экономист Рахымжан Елшібаев.

Бағдарлама тегін. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жасалыпты. Қазірдің өзінде әр мамандықта оқитын 150 жас тіркеліп қойған. Педагогтардың айтуынша, жастардың талабы мен ойы ұшқыр.

«Бүгінгінің мұнайы, қазынасы – ол жастар. Елдің дамуына бар жігерін, кәсіпкерлік қырын, ресурсын салатын үлкен күш деп қарауымыз керек. Үкіметтің осы бағытқа көптеп мән беріп жатқаны қуантады», – деді Narxoz университетінің ғылым жөніндегі проректоры Андрей Шенин.

Білім ордасының мамандары Жолдауды талқыға салып, білім саласын дамытудың басқа да жолдарын іздеді. Бастысы мемлекет басшысы айтқан сапалы маман даярлауға жіті мән беріп, аянбай еңбек етудің маңыздылығын түсінеді ұстаздар.

«Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», – деді . ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында Алматыда 2025 жылға дейін 70 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде соның 61 мыңы екі қолға бір күрек тауып үлгеріпті. Мыңға жуық маман жастар практикасынан өткен. Ал жыл басынан бері қалада 36 мыңға жуық жұмыс орны құрылыпты.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров