Қостанайдағы орман өртінің хронологиясы

Almaty.tv
Almaty.tv
Өрт 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде басталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанай облысында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі әлі де сақталып тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызыл жалынның беті қайтар емес. Ал төтеншеліктер отпен бірнеше күннен бері алысып жатыр.

  •  Төтеншеліктердің мәліметінше, өрт 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде басталған. Қатты ыстық пен желдің екпіні өршіп жағдай қиындай түседі.
  • 3 қыркүйекте республикалық маңызы бар «Қостанай-Әулекөл» тас жолы жабылды. Сол күні қызыл жалын басқан жер көлемі 2 мың гектардан асады. Өртті өшіруге төтеншеліктердің бар күші мен құралы, курсанттар мен әскери бөлімдердің жеке құрамдары жұмылдырылды. Сағат 13:40-та Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өртті жою штабын басқару үшін аймаққа ұшып келеді. Түстен кейін өрт Озерное, Лесное, Аманқарағай ауылдарына көшкені белгілі болды.

Озерноедан 250, Аманқарағайдан 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Халық мектеп-интернаттарға орналастырылып, азық-түлікпен қамтылды. Аманқарағай ауылындағы мұнай базасының әкімшілік ғимараты мен жақын маңдағы 30 тұрғын үй өртенуі мүмкін деген ақпарат тарады.

  • Ал 4 қыркүйекте Қостанай облысында жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі жарияланды. Аманқарағай ауылының 86 жастағы тұрғыны қаза тауып, 10 шақты адам зардап шеккені белгілі болды. Шалғышы және Қазанбасы стансасында жолаушылар пойызы тоқтады. Өрт көлемі 43 мың гектарға жетіп, 100-ден астам тұрғын үй жанып кетті.
  • 5 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге ұшып келіп, жедел штабтың отырысын өткізді. Президент 3 айдың ішінде өрттен зардап шеккен отбасылар баспаналы болатынын айтты.

«3 айдың ішінде зардап шеккен адамдар баспаналы болады. Күмән жоқ, бұл мәселе бойынша. Ол бір. Екіншіден, тойға байланысты, апатты жағдайды шешіп тастайық, содан кейін қасиетті жерге келіп, бабамыздың рухына тағзым етіп, той өткіземіз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Табиғи апат салдарынан ондаған ірі қара мен 400-ге жуық жануар арам қатқан. Қиын кезде халық жұмылып, зардап шеккендерге барынша қол ұшын созып жатыр. Әр өңірден гуманитарлық көмек жөнелтілген. Алматыдан Қостанайға 120 тоннадан астам азық-түлік пен киім-кешек жіберілді.

Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров