|
17.09.2022 | 10:14
796

Тоқаев астындағы тағын емес, халқының баянды бағын ойлайды – Досхан Жолжақсынов

Қоғамда Президенттің Қазақстан халқына Жолдауымен қатар еліміздің саяси аренасындағы соңғы өзгерістер қызу талқыланып жатыр

Тоқаев астындағы тағын емес, халқының баянды бағын ойлайды – Досхан Жолжақсынов tengrinews.kz

Қоғамда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен қатар еліміздің саяси аренасындағы соңғы өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Белгілі актер, кинорежиссер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досқан Жолжақсынов та елдегі саяси өзгерістерге бейжай қарамай, өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жолжақсынов ең алдымен кері шегіс жасап, Президент Жолдауларының мазмұнына тоқталып өтті.

2019 жыл... Президент «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп ойын бастады. 2020 жыл... «Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс пен қимылдың кезеңі» деп ұран тастады. 2021 жылы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп ойын жалғастырды. Ал 2022 жылдың наурызында «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» деп көрсетті. Осыдан бірнеше күн бұрын, 2022 жылы қыркүйекте «Әділетті мемлекет – біртұтас ұлт, берекелі қоғам» деп үш тағандық қағидатты алға тартып, халқын ұшпаққа шақырды. Мемлекет басшысы халық жағында, мемлекет жағында екенін көрсетті, дейді актер.

Тіпті, күні кеше ғана  елімізде өткен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының VII съезінде де әділетті әлем мәселесі қозғалғанын тілге тиек етті.  

«Рим папасын қарсы алған кезде Мемлекет басшысы «Сіз біздің елге адамзаттық бетбұрыс кезінде келдіңіз», деп парасатты ойын айтты. Бес жолдаудың ішінде халқының бүкіл мұң-мұқтажы атқарылды. Бірақ соның ішінде ең соңғы жолдаудың атауының өзі көңілге үлкен сенім ұялатады. «Әділетті мемлекет – біртұтас ұлт, берекелі қоғам». Яки, әділетті мемлекетте тұратын біртұтас ұлт берекелі қоғамға кепіл. Әрине, жолдаудың ішінде шоқтығы биік небір шешімдер бар. Соның ішінде – халық қорынан келешек ұрпақтарымызға ашылатын есепшот. Кешегі алпауыттар пышақ үстінен үлестірген миллиондаған гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды. Қаңтар оқиғасы кезінде аса ауыр қылмыс жасамағандарға кешірім», – дейді Жолжақсынов.

Халықаралық және ішкі саяси ахуалды немесе ұлтының үнімен жұртының мұңын тамыршыдай тап басып отырған Мемлекет басшысының ұлтының үніне үн қоса, ой тастағанын айтқан Жолжақсынов, алдағы жарты жылда биліктің барлық тармағы сайлаудың сүзгісінен өтетінін айтты.

«Алдағы жарты жыл ішінде биліктің бар тармағы – Президент, Парламент, Үкімет түгелдей сайлаудың сүзгісінен өтетін болды. Ең ғажабы – Мемлекет басшысы әлі президенттік өкілі бар билігін сайлауға салғалы отыр. Бір қарасаң, аталы нар тәуекел. Екінші жағынан, қауіпті қадам. Шешімі – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев астындағы тағын емес, халқының баянды бағын ойлағаны деп білемін. Күні кеше қолындағы билігін сүтті сиырдай қаттап сауған заманмен салыстырғанда. Шәкәрім қажы айтпақшы, бұл ән бұрынғы әннен өзгерек боп шықпай ма?! Дәл солай! Бәрекелді!» – дейді ол.

Актердің пікірінше, халық Тоқаевқа ең игілікті реформаларын жүзеге асыруына мандат беруі керек.

«Президентіміздің жоспарлары сан салалы. Арман-мұраттарын сапалы баспалдақтармен әкеле жатыр. Әрине, мұның бәріне уақыт керек. Ойлануға уақыт керек. Дей тұрғанмен, пысықталған, қорытындалған дүниелердің барлығын жүзеге асыруға біз мүмкіндік беруіміз керек. Біздің міндеміз – біртұтас саналы ұлт болып, берекелі қоғам болып, сөзінде пәтуа, ісінде тиянақ бар ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ең игілікті реформаларын жүзеге асыруына мандат беруіміз керек», – дейді Жолжақсынов.

Актер Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылға ұлғайтылуын халық қолдайтынын айтады.

«Біздің Президент білімді де, білікті, байсалды басшы. Осының барлығын ойлай келе,  салыстыра келе, сол Президент билігінің ғұмырын 7 жылға әкелгені. Біріншіден, 7 жыл, негізі, бұл қазақта жақсы сан. Қазақ айтады, «Жетіге келгенше, жерден таяқ жисің». Бұл – бүлдіршіннің аяқ басып кету кезеңі. Ал есті, саналы пендеге 7 жыл ақыл толтыру, бар тәжірибені ортаға салу, халықтың бүкіл мұң-мұқтажына тәрк ету, содан нәтиже шығару. Міне, осы ойдың барлығы Мемлекет басшысының қаперінде деп ойлаймын. Сондықтан осы шешімді халық болып барлығы қолдауда. Сондықтан бұл шешім түбегейлі ақиқат шешім деп ойлаймын. Шешімнің ертеңі – халқымыздың ризығы», – дейді Жолжақсынов.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир