|
28.03.2020 | 00:38
2524

Алматы: Тазалық жұмыстарына 900 мың литрге жуық дезинфекциялық сұйықтық пен 7 мың 200 келі хлор қолданылған

Шаһарда тұрғын үйлер мен көшелер, аулаларды санитарлық тазалаудан өткізу жұмыстары жалғасып жатыр

Алматы: Тазалық жұмыстарына 900 мың литрге жуық дезинфекциялық сұйықтық пен 7 мың 200 келі хлор қолданылған Almaty.tv

Алматы қаласында төтенше жағдай жарияланғаннан бері көшелерді тазалау үшін 900 мың литрге жуық дезинфекциялық сұйықтық пен 7 мың 200 келі хлор қолданылған,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Шаһарда тұрғын үйлер мен көшелер, аулаларды санитарлық тазалаудан өткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгін Наурызбай ауданында кезекті тазалық шараларына кіріскен арнайы бригада топ-топ болып бөлініп, тұрғын үйлердегі подъездер мен балалар алаңдарын химиялық сұйықтықпен шайып шықты. Тұрғындар дезинфекция жүргізілгеннен кейін бірнеше сағатқа сыртқа шықпағаны құба-құп. Әсіресе, осы уақыт аралығында балаларды ойын алаңдарына жібермеу ата-аналардан қатаң сұралады.

Наурызбай ауданында жалпы 242 көпқабатты тұрғын үй мен 83 аула бар. Бүгінде соның 173-інің подъезіне санитарлық тазалық жасалып, 50-дей аула дезинфекциялаудан өткен. Бұл жұмыстар аптасына екі рет қайталанып отырады.

«Бүгінде 173 көпқабатты тұрғын үй мен 50 аулаға дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Тағы 107 көпқабатты үйге тазалық шараларын жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бүгін мұнда 32 адамнан тұратын 7 бригада жұмыс істеп жатыр», – деді  Наурызбай ауданыдық коммуналды шаруашылық бөлімінің бас маманы Жандос ТӘКІБАЕВ.

Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, жалпы қаланы дезинфекциялау үш кезеңге бөлінген. Арнайы мамандар бір күннің ішінде қаланың бір бөлігін тазалап үлгеруі керек. Мегаполисте бас-аяғы 8 жарым мыңға жуық көпқабатты үй бар. 4 мыңнан астам аула мен 24 мыңдай подъезге дезинфекция жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Жалпы соңғы бірнеше күнде, жоспарланған 2792 үйге залалсыздандыру жұмыстары 96 пайызға жасалыпты. Ал 1148 аула аумағы 94 пайызға тазаланған. Жаппай дезинфекция жұмыстарымен, құрамында 350 маманы бар, 50 бригада айналысып жатыр.

Бұдан бөлек, көшелер мен тратуарларды тазалау жұмыстары да қыза түскен. Мәселен, төтенше жағдай басталғалы бері көшелерге санитарлық тазалық жасау үшін 860 мың 792 литр дезинфекциялық сұйықтық, 570 құты этиль спирті мен 7200 кг хлор қолданылған. Сондай-ақ, тазалау шараларына 120 маман, 146 жол шаятын арнайы машина, 854 жұмысшы мен 1224 әскери қызметкер тартылыпты.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Валерий Таубалдиев

«Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир