Шымкентте үйідің ауласында ойнап жүрген 5 жасар сәбиді көлік қағып, ол аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Оқыс оқиға Қырғы базар аумағындағы Әлімқұлов көшесі №4 үйдің ауласында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, «Шевроле» көлігінің тізгінінде жас қыз болған. Ол балалар ойнап жүрген ауладан өтіп бара жатып, байқаусызда 5 жасар баланы қағып кеткен. Тежегішті бірден басқанымен, бала дөңгелектің астына түскен. Аурухана оқиға орнына жақын болғандықтан, куәгерлер жедел жәрдемді күтпей өздері алып келген. Алайда, шұғыл көмек көрсетілсе де, дәрігерлер бүлдіршінді ажалдан арашалап қала алмады.
«Бала бізге ес-түссіз келіп түсті. Біз оны бірден жасанды тыныс алу аппаратына қостық. Өкпе, жүрек реанимациясын жасадық. Бірақ 25 минуттан соң оның жүрегі тоқтап қалды», – дейді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Вячеслав ЦАЙ.
Ата-анасы 5 жасар перзенттерін әжесіне тапсырып, Оңтүстік Кореяға жұмысқа кеткен екен.
«Бір айдан кейін алтыға толатын еді. Әжесінің тойында өлең айтып еді. Жарқырап жүрген балапаным еді ғой. Қайтейін...», – дейді қайғыдан қан жұтқан әжесі.
Ал, куә болған өзге балалар оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндап берді.
«Баланың қолындағы «Чупа-чупсі» түсіп қалып, соны алып жатқан. Әлгі көлік келіп қақты да, қақпаға қарай сүйреп кетті. Кейін қолында ұялы телефоны бар әйел шығып, «ит басып кеттім ба десем, бала екен ғой» деп егіліп жылады», – деді куәгер.