Алматы облысында су бөгеті жарылып, Мыңбаев-Қасымбек тасжолын шайып кетті

22.11.2021 18:57

Апат 21 қараша күні түнде болды

ТЖД

Алматы облысында су қоймасының бөгеті жарылды. Төтенше жағдай Мыңбаев ауылы маңында кеше түнгі 23.00 шамасында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің хабарлауынша, қазір бөгетте судың деңгейі төмендеп келеді. Книжевск су қоймасы елдімекендерге қауіп төндірмейді дейді мамандар.

Қазір Мыңбаев ауылында көлік қозғалысы шектелген. Полиция қызметкерлері оқиға болған маңайға блокбекеттер қойып, аумаққа ешкімді жібермей жатыр. Осы жағдай бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінде республикалық штаб құрылған. Келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.  

«Қазіргі таңда Мыңбаев ауылы маңында жағдай тұрақты. Ағып жатқан судың көлемі 5-6 куб метр, ал тереңдігі 5 см болған. Оқиға орнында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Жағдай толығымен бақылауымызда», – деді Жамбыл аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Айбек Жанаев.