Алматыдағы ақылы автотұрақтардың бірінде өрт шығып, екі көлік жанып кетті. Қызыл жалын туралы хабарлама Әуезов ауданының өрт сөндіру қызметіне таңғы сағат 6.58-де келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша зардап шеккендер жоқ екен. Бірақ өрт нәтижесінде автотұрақтағы тағы бірнеше көлік қайта жөндеуге келмейтіндей күйге түскен. Ал, жанып кеткен көліктердің иелері мен куәгерлер қандай да бір сұхбат беруден бас тартты. Қазір тілсіз жаудың себебі анықталып жатыр.
«Өрт сөндірушілер 7 минуттың ішінде келгенде автотұрақтың аумағында орналасқан көкөніс сататын дүңгіршек жанып жатқанын анықтады. Қызыл жалын дүңгіршекпен жапсарлас салынғандықтан, жабық автокөлік тұрағындағы екі автокөлік пен шатырына 50 шаршы метр аумаққа таралып үлгерген және де қатты қызу салдарынан «Ниссан премьера» маркалы автокөлігінің алдыңғы әйнегі мен шанағы зардап шекті», – деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова.