Олжас Бектенов: СҚО-да су тасқынына қарсы шараларға 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды

09.04.2024 14:03

Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді

Фото: elements.envato.com

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елдімекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Тепличное және Кожевенная ауылдарындағы қорғаныш үйінділерінің жағдайын қарап, 2017 жылғы су тасқынынан кейін жүргізілген жұмыстардың есебін тыңдады.

Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің жоғарылауын ескере отырып, қолданыстағы бөгеттерді нығайту және олардың ұзындығы мен биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, қарғын суды өткізу үшін автожолдарда жол төсемін аршу жұмыстары 6 рет жүргізілді. Баламалы бағыт қарастырылып, белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған. Су тасқыны кезеңі басталғалы бері елдімекендердің көшелері мен аула аумақтарынан 440 мың м3 су сорылды. 165 шақырымнан астам арық тазартылды, 2.7 шақырым каналдар кеңейтіліп, тереңдетілді.

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тұрғындар сұрақтарына жауап берді, еріктілер мен сарапшыларға көрсеткен көмектері мен қолдаулары үшін алғысын білдірді.

Үкімет басшысы тартылған қосымша күштер мен техниканы ескере отырып, бөгеттерді нығайту жұмыстарының қарқынын жеделдету, оның ішінде биіктігін арттыру қажеттігін атап өтті.

«Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен, адамдар зардап шекпеуі маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазіргі таңда су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, ПД, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1432 қызметкері, 1200 ерікті қатысуда. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бүгін Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келді. Осылайша барлығы 3000-ға жуық адам жұмылдырылды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да осында. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда 6 адамды кене шақты