Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылының тұсында Өзбекстаннан Ресейге бет алған жүк көлігі өртеніп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқыс оқиға «Самара-Шымкент» тас жолының 1731 шақырымында тіркелді. Өзбекстаннан Ресейге бет алған «Mercedes-Benz Actros» маркалы жүк автокөлігі тіркемесімен өртенді.
«Жүк көлігінде сыпырғы тиелген. Ол толығымен жанды. Өрт сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті №11 өрт сөндіру бөлімінің 5 маманы мен 1 техникасы қатыстырылды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Бұдан бұрын Қызылордада көпқабатты үйден өрт шығып, 6 адам ауруханаға жеткізілген болатын.