Тараздағы өрттен зардап шеккен құрылысшы қыздарға елордалық дәрігерлер ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқастың бірінің қолы, қабырғасы және жамбас сүйегі сынған. Екінші құрылысшының омыртқасы сынып, аяқ сүйегіне зақым келген. Төсекке таңылған қыздарды тасымалдауға болмайтындықтан, елордалық дәрігерлер Таразға келіп, ем жүргізді. Мамандардың айтуынша, екеуінің жағдайы ауыр. Олар 6 күннен бері анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр.
Еске сала кетейік, мектептегі өрт кезінде қос құрылысшы терезеден секіріп кеткен еді.
– Астанадан травмотология-ортопедия орталығынан мамандар келіп, ота жасады. Екі науқасты да нейрохирургиялық палатаға ауыстырып жатырмыз, – деді қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.
Ал өрттен зардап шеккен өзге азаматтарға тиісті медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген. Оқыс жайттың неден болғаны анықталып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, мектепте жарылыс болып, арты қызыл жалынға ұласты. Өртті сөндіру үшін 9 бірлік техника мен жеке құрамның 34 адамы жұмылдырылған.
– Өрт көлемі 20 шаршы метрді құрады. Алмы адам қалалық ауруханаға жеткізілді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы ТЖД қызметкерлерімен тиісті сараптама жасап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп отыр, – деді Жамбыл облыстық ТЖД ресми өкілі Карина Карташова.
Оқи отырыңыз: Америкада екінші адамға шошқаның жүрегі салынды