Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының жанындағы Лесхоз кентіне барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін біздің өңір үшін өте ауыр күн болды. Өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығуын тілеймін. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан сіздерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі! Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады!» – деді Даниал Ахметов.
Әкім бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтті. Расталған соңғы ақпаратқа сәйкес, 35 үй мен 9 ғимарат өртенді.
«Қазіргі есеп бойынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін бізге екі жарым ай қажет. Тұрғындармен кездесу барысында жұмыс жоспарына тоқталып, барлық жағдайды бүкпесіз баяндап бердім. Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйлер бар, оларды біз сатып алып, құрылысын аяқтауды межеге алып отырмыз. Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз», – деді ШҚО әкімі.
Даниал Ахметовтің айтуынша, тұрғын көпқабатты үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, оның жөнделетінін айтты.
«Құжаттарды қалпына келтіруге қатысты айтар болсам. Полиция департаменті мен ХҚКО ертеңнен бастап бұл жұмыспен айналысады. Барлық құжатты бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреміз. Мүлік шығынына келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады»,– деді Даниал Ахметов.
Оның атйуныша, агротехникалық колледж жатақханасы мен профилакторий базасында барлық зардап шеккендерді қоныстандыру үшін орын ұйымдастырылды. Сондай-ақ, алдағы екі-үш күнде өрттің себебі анықталады.