Қостанай облысында жоғалған 5 жасар қыз соңғы рет жүгері алқабында көзге түскен

09.08.2022 14:15

Полиция қызметкерлері бала жоғалған күннің хронологиясын жасады

polisia.kz

Жоғалған 5 жасар қызды жүгері алқабында көргендер бар. Ондаған адам полиция қызметкерлеріне жүгері алқабын тінтіп шығуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қостанай облысында ондаған адам із-түзсіз жоғалып кеткен қызды іздеп табуға атсалысып жатыр. Жергілікті және қала тұрғындары полицияға жүгері алқабын сүзіп шығуға көмектесіп жатыр. 5 жасар қызды соңғы рет дәл сол жерде көрген», - делінген полиция мәліметінде. 

Видеодан жүгері алқабына көптеген адам жиналып жатқанын көруге болады. 

Еске сала кетейік, Жамбыл ауылында тұратын 5 жасар қыз 7 тамыз күні жоғалып кеткен. Ерекше белгілері – сөйлемейді. Үйде 18 және 13 жастағы әпкелерінің қарауында қалған. 

Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Тобыл өзенінің екі шақырымнан астам арнасы зерттелді. Тікұшақ пен ұшақ тартылды. Іздеу кавалериялық взводтың көмегімен жүргізіліп жатыр. Іздеу жұмыстарына қызметтік иттер де жұмылдырылған.

Полиция қызметкерлері бала жоғалған күннің хронологиясын жасады.

Кинология қызметі орталығының қызметкері Қайрат Бисембиннің мәлімдеуінше, бала үйінен таңертең 7-ге қарай шыққан. Екінші қабаттағы асүйдің терезесінен шығып, газ құбыры арқылы тұрғын үйдің кіреберіс есігіндегі күнқағарға түскен, кейін күнқағардан ағашқа өрмелеген.

Сол уақытта ауладағы шуға елеңдеп, сыртқа шыққан көрші ер адам баланы ағаштан түсірген. Ер адам оны пәтерге алып барған. Есікті қағып тұрған кезде қыз бала көшеге жүгіріп шығып кеткен. 

Сағат 8:04-те бала видеобақылау камерасына түсіп қалған. Сондай-ақ қызды ауыл тұрғыны көрген. Кейін ол «Қостанай – Веденка» трассасы бағытына бет алған. 

Сағат 8:06-да тағы бір адам оны Орталық көшеде байқап қалған. 

Сағат 8:24-те баланы ауылға қарай келе жатқан тракторшы байқаған. 

Сағат 8:30-да оны сондай-ақ ауылға бет алған велосипедші көрген. 

Іздестіру жұмыстары көрші Алтын дала кентінде де жүргізілді. Бұл кент жоғалған қыз тұратын ауылдан 9 км жерде. 

Полицейлерге бала соңғы рет жүгері алқабында болғаны туралы мәлімет түскен. Алқапты полицейлер қоршауға алды, қызды дрон арқылы іздестіріп жатыр. 

Бұған дейін Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков баланың анасымен бірге тікұшақпен іздестірген болатын.