7 тамызда Қостанай облысының Жамбыл ауылында бес жасар қыз жоғалып кетті. Бүгін екінші күн қатарынан іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Оны іздеуге тікұшақ шақырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Ерлан Омарбеков Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жамбыл ауылынан 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен сәттен бастап, іздеу іс-шараларын ұйымдастыруды жеке өзім басқардым. Қазіргі уақытта оны іздеу тікұшақтың көмегімен жүргізіліп жатыр», – деп жазды Facebook-тегі парақшасында Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.
Облыстық полиция департаменті басшысының айтуынша, тікұшақпен аумақты қарауға қыздың анасы да шыққан.
Баланы 18 бен 13 жастағы үлкен әпкелері қарап қалған. Олар таңертең оянғанда, баланың жоқ екенін байқаған. Полицияға бұл жайтты анасы хабарлады.