Қостанайдағы жеке тұрғын үйдің жертөлесінде жарылыс болып, екі адам жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің сөзінше, жарылыстың қатты болғаны соншалық қақпа жолға ұшып кеткен. Жарылысты естіген адамдар бірден көмекке келе бастаған.
«Жұмыста отырғанбыз, қатты дауыс естідік - көрші үйде жарылыс болған екен. Жүгіріп шықтық. Адамдар тірідей өртеніп жатқанын көрдік, оларға көмектесе бастадық. Біреуі қатты күймеген, екіншісін өрттен құтқаруға кірістік, оның үстінде киімі болмады. Үшіншісі жертөледе жатты, менің түсінгенімше, жарылыс сол жерде болған. Не болғаны белгісіз, бірақ жарылыс қатты болғаны соншалық, қақпа жолға ұшып кетті», – дейді куәгер Александр Яшков.
Құтқарушылар жертөледегі ер адамды шығарған. Үшеуі де Қостанайдағы қалалық ауруханаға жеткізілді.
«Алдын ала мәлімет бойынша газ баллоны жарылған. 1995 жылғы ер адамда күюдің үшінші деңгейі, денесінің 80 пайызын күйік шалған. 1984 жылы туған науқаста - 35 пайыз. Екеуі де жансақтау бөлімінде. Үшінші ер адам ауруханаға жатудан бас тартты», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілдері.