Жамбылда тойдан шыққан жастар жол апатына ұшырады. Екі жеңіл көлік бетпе-бет соғысып, үш адам ажал құшты. Тағы екі жолаушы ауруханада хал үстінде жатыр, деп жазды КТК.
Қайғылы жағдай Құлан ауылында болған. Басты көшенің бойымен жүйткіген «Меrcedes» қарсы бетке шығып кетіп, «Volkswagen Passat-қа» соғылған. Соққының даусынан қалың ұйқыдағы халық шошып ояныпты. Апаттың қаншалықты жойқын болғанын мына көріністерден аңғаруға болады. Екі техниканың бөлшектері әр жерде шашылып жатыр. Біреуінің спидометрі сағатына 140 км жылдамдықты көрсеткен бойда қатып қалған.
Айта кетейік, жантүршігерлік апаттан екі көлік жүргізушісі мен бір жолаушы қаза тапты. Тағы ауыр жараланған екі адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір осы дерекке қатысты тергеу амалдары жүруде.
«Қайтыс болған азаматтар 1995 жылы туылған. Екеуінің де отбасы бар. Кәмелет жасына толмаған екі балалары бар. Азаматтардың ішімдік ішкен-ішпегендері сараптамадан кейін белгілі болады», – деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.