Олар бір-бірін құтқару үшін бірінің артынан бірі құдыққа түсе берген
Нұр-Сұлтан қаласында 4 адам метан газынан уланған деп жазады ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
Оқиға елордадағы Оқушылар сарайының маңындағы құдықтардың бірінде болған. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, уланғандардың барлығы көз жұмған. Олар бір-бірін құтқару үшін бірінің артынан бірі құдыққа түсе берген.
Жалпы, бригадада 6 адам болыпты. Олардың тағы бірі уланып, ауруханаға жеткізілген.
Қала әкімі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, төртеуі де - «Астана су арнасы» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері.
«Өзімнің және әкімдіктің атынан марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Әкімдік барлық қажетті көмекті көрсетеді. Тиісті қызметтерге егжей-тегжейлі тергеу жүргізіп, қайғылы оқиғаның себептерін анықтауды тапсырдым», - деп жазды қала басшысы Facebook парақшасында.