Жақында жылу беру қалпына келтіріледі
30 градус аязда Ақмоладағы Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Оған өткен түндегі квартал ішілік магистральдағы апат себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, қазір жағдай тұрақталып келеді. Бүгін таңда құбырды дәнекерлеу жұмыстары аяқталып, енді жылу беру жүйесін қалпына келтіріліп жатқан көрінеді. Оқиға орнында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та болды. Апат салдарымен күресу үшін жедел штаб та құрылыпты.
– Ақау жойылды. Дәнекерлеу жұмысы аяқталды. Жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Ал Шығыстағы Риддер қаласында өзен тасып, қытымыр қыста бірнеше ауланы су басты. Табиғи апаттан сескенген болса керек, жергілікті әкімдік тұрғындарды уақытша орналастыратын орындар дайындапты. Алайда халық эвакуациядан бас тартты дейді. Билік өкілдері қазір қалада суды айдау жұмыстары жүріп жатқанын, шығынды бағалау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қызылша: СҚО-да 200 жағдай тіркелді