Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында жол апатынан 5 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 22 мамыр күні сағат 07:40 шамасында республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен тасжолының Жарма ауданы Қалбатау ауылының тұсындағы 959 шақырамында болған.
"NISSAN CEFIRO маркалы автокөліктің 36 жастағы жүргізушісі жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып, алдында келе жатқан "Беларусь 82.1" маркалы трактор тіркемесінің артына соғылған. Соның салдарынан жеңіл көліктің 36 жастағы жүргізушісі мен 4 жолаушысы сол жерде тіл тартпай кетті", – делінген хабарламада.
Ал бір жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды.