Үкімет басшысы Асқар Мамин Арыс қаласында екі адамның қаза тапқаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кеше оқиға орнында болды. Осы төтенше жағдай бойынша нақты тапсырмалар берді. Барлық тиісті шара ұйымдастырылды. Арыс қаласының тұрғындары қауіпсіз жерге түгел көшірілді. Өкінішке қарай, екі адам – азаматтық тұлға және әскери қызметкер қаза тапты. Осы орайда олардың туған-туыстарына көңіл айтамыз», - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Еске салайық, бүгін Түркістан облысындағы Арыс қаласында әскери бөлімшенің территориясында жарылыс болған еді. Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде «Қауырт желісі» жұмыс істейді - тәулік бойы 8 (7252) 44-94-72.