Щучинск қаласында 100-ге жуық өрт сөндіруші жұмылдырылған базардағы өрт орнынан бір адамның денесі табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық ТЖД мәліметінше, бүгін, яғни 18 мамырда сағат 04.50-де Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында «Жомарт» базарының бір қабатты жеке тұрған ғимараты өртеніп кетті. Өртті сөндіруге 97 өрт сөндіруші жіберілді.
«Өрттің жалпы аумағы 1700 шаршы метрді шарпыған. Ал ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метр болады. 45 минут ішінде өрт сөндірушілер өртті оқшаулап, жалынның таралуына жол бермеді. Осылайша, екі сағат ішінде өртті толығымен сөндірді. Өрт сөндіру барысында ер адамның денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол базардың күзетшісі болуы мүмкін», – деп хабарлайды Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрт орнында өрт-техникалық зертханасы, полицейлер жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге ТЖД 97 қызметкері мен 25 техника, жергілікті атқарушы органдардың үш қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды.