Құрбан болғандар жоқ
Алматы орталығындағы жанып жатқан қонақүйден 57 адам құтқарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалалық ТЖД мәліметінше, 19 мамыр күні сағат 22:21-де «Hotel Plaza Almaty» қонақүйінің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. ТЖД бастығы полковник Руслан Қасыбаев пен ТЖД күш-құралы Алмалы ауданындағы Қожамқұлов көшесі, 270/120 мекенжайына шұғыл шыққан.
«Өрт сөндіру бөлімшесі келгенде, 6 қабатты қонақүйдің астыңғы қабатында орналасқан саунаның өртеніп жатқаны анықталды. Ғимараттың барлық қабатына қатты түтін тарап, адамдар өміріне қауіп төндірген. Олар терезе арқылы жанұшыра көмек сұраған», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 42 адам, 14 бірлік техника жұмылдырылды.
Қабылданған жедел шаралар арқылы 57 адам құтқарылды. Құрбан болғандар жоқ.
Өрт сағат 23:25-те ауыздықталып, сағат 23:44-те толық сөндірілді.