Өршіген белгісіз ауру алғаш рет бірнеше ай бұрын Ресеймен шекаралас Ленин ауылында тараған. Бұл туралы ауыл тұрғыны Елена Едикова дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті мал дәрігері бірнеше өлген тауықты сараптамаға алды. Оның нәтижесі бір-екі аптадан кейін белгілі болады.
"Мен тауықтар мен бройлер өсіремін. Құстарды жақсы күтіп-баптап ұстаймын. Осы аптада есік алдына шықсам тауықтарым шашылып жатыр. Екеу, үшеу емес, жиырмасы бір-ақ! Бір түнде көршімнің де барлық 30 тауығы өлді. Ал келесі күні таңертең менікінің барлығы қырылып қалды. 50 тауығымнан айырылдым, енді қазір бройлер өліп жатыр. Қазіргі уақытта біздің ауыл толығымен тауықсыз қалды десе де болады", - деді ауыл тұрғыны Елена Едикова.
Аталған жағдайға ауданның ветстанция директоры Нұрлан Қыстаубаев түсініктеме берді.
"Иә, құстар жылдың басында ауыра бастады. Негізінен, тауықтар. Сәуір айында 100 данасы өлді. Олар талдауға алынбады, өйткені адамдар оның көзін жойды", - деді Нұрлан Қыстаубаев.
Осыған ұқсас жағдай 2022 жылдың сәуір айында Қарабалық ауданында орын алды. Содан кейін ветеринарлар құстардың улану ықтималдылығын айтты. Облыстық ветеринарлық басқарманың мәліметінше, клиникалық белгілер Ньюкасл ауруына келеді.