Күйік иісі шықты: ауаның ластану деңгейі қандай

Tengrinews.kz.
Tengrinews.kz.
Жұмада Алматыда қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа ластануы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында болған өрттен кейін қаланы қалың түтін басып қалды. Бұл әсіресе қаланың жоғары бөлігінде қатты сезілген. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары түтіннің шығуына Сүйінбай даңғылы бойындағы қойманың жануы себеп болғанын айтқан еді. Ал ауаның ластану деңгейіне сынама жүргізген Экология департаментінің өкілдері оқиғадан кейінгі жағдайды айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін таңалакеуімнен Алматы аспанын торлаған түтін дәл осы қоймадан шықты. Жетісу ауданында орналасқан бұл нысанда ламинат және басқа да құрылыс материалдары сақталған. Тілсіз жау 295 шаршы метр аумақты шарпыған.

Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Болжам бойынша от қоймадағы тоқ сымдараның қысқа тұйықталуынан болған. Зардап шеккендер жоқ.

– Аталған өрт оқиғасына 60 жеке құрам келді. Сонымен қатар, 30 техника жұмылдырылды. Алматы қаласы мен тұрғындарына үрейге бой алдырмауға шақырамыз. Мұрын-иіс аурулары бар тұрғындарға маска киюге, егде жастағы адамдарға үйден шықпағаны жөн, – деді  Жетісу ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Арман Мәкенов.

Ал Экология департаментінің мамандары қаладағы ауаның ластану көрсеткішін өлшеуге кіріскен. Нәтижесінде ауа қабатынының былғанғанын анықтаған.

– «Қазгидромет» қызметкерлері сағат 00:00-ден, сағат 10:00-ге дейін ауада зиянды заттардың артық мөлшерін анықтады. Арнайы тексеру жұргізілді. Қазір ауадағы зиянды заттардың артық мөлшері тіркелмеген, – деді Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің ресми өкілі Әділ Нұрпейісов.

От шарпыған жерде бірнеше қойма орналасқан. Олардың басым бөлігінде азық-түлік пен сауда-саттыққа арналаған түрлі тауар сақталған. Өртке оранған контейнер бір ғана кәсіпкерге тиесілі болып шықты. Оқыс жағдай кесірінен келген шығын көлемі қазір есептеліп жатыр. Оны кімнің және қашан өтейтіні әзірге сұрақ күйінде қалып отыр.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Өртке қатысты ТЖД қала тұрғындарына үндеу жасады

Новости партнеров