Алматыда ірі жол апаты болып, бір адам көз жұмды

20.05.2022 14:53

Жол апаты 19 мамырда кешкі 23:45-те орын алған

zakon.kz

Алматыда жантүршігерлік жол апатынан бір адам көз жұмды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.


Ведомство мәліметінше, жол апаты 19 мамырда кешкі 23:45-те орын алған. 

"Toyota Grаcia көлігінің 2001 жылы туған жүргізуші әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жүріп бара жатып рөлге ие бола алмай, бетонға соғылған. Кейін Toyota әл-Фараби даңғылының бойымен батыс бағытта бара жатқан, 1994 жылы туған тұрғынның басқаруындағы Chevrolet маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Әрі қарай Toyota жарнамалық тақтаның металл тірегіне соққан. Осы жол-көлік оқиғасының салдарынан Toyota Grаcia көлігінің 2001 жылы туған жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, көліктегі қалған төрт адам, оның ішінде жүргізуші де әртүрлі дене жарақаттарымен емдеу мекемелеріне жеткізілді", - деді Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.

Оның айтуынша, бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Еске салайық, бұған дейін Алматының әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатының видеосы желіде тарап жатқаны хабарланған болатын.