Күдіктілер жалға алынған автокөлікпен адам тасымалдаумен айналысқан
Үш апта бұрын Алматыдан шығатын жолда (Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылына жақын маңда) із-түзсіз жоғалып кеткен 40 жастағы Батура Мамедованың денесі табылды. Бұл мәліметті облыстық Полиция департаменті өкілдері растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полицияның мәліметінше, әйелді өлтірді деген күдіктілер ұсталған.
«Алматы облысының полицейлері із-түзсіз жоғалып кеткен Батура Гадированы іздеу барысында оның жоғалуына қатысы бар екі адамды ұстады. Соңғы рет әйелді Алматыда көргенін ескере отырып, жоғалып кеткен адамды іздестіру ісі Түрксіб ауданында тіркелді. Кейін іздеу шараларына Алматы облысының полицейлері де қосылды. Олар хабар-ошарсыз кеткен әйелдің барлық бағытын бақылап, оның жоғалуына қатысы бар ерлі-зайыптыларды ұстаған. Іздестіру шаралары барысында әйел тонаудың құрбаны болуы мүмкін деген болжам қарастырылды», – деді Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Облыстық полиция өкілдері күдіктілердің Алматыда тұратын ерлі-зайыптылар екенін анықтаған. Олар жалға алынған автокөлікпен адам тасымалдаумен айналысқан. 27 мамырда марқұм жолаушы ретінде солардың көлігіне отырған. Сол кезде әйелді өлтірген отбасылық жұп оны апарып көміп тастаған.
«Ұсталған ерлі-зайыптыларға ұрлық және кісі өлтіру бойынша айып тағылды. Күдіктілер жәбірленушінің мәйітін жерлеген жерлерін көрсетті. Қазір олар қамауға алынды», – деп нақтылады полицейлер.
Осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды және сараптамалар тағайындалды. Тергеу шарасымен Іле аудандық полициясы айналысады.
Әйелдің екі баласы болған.
Батура Мамедова 27 мамырда із-түссіз жоғалып кеткен. Қалада сұлулық салонында істейтін ол кешкісін жұмысынан шығып, үйіне қайтып келе жатқан. Туыстарының айтуынша, Батура соңғы рет үйге келе жатқанын айтып хабарласқан. Қаладан қашық тұратындықтан, бірнеше көлік ауыстыруға (автобуспен және таксимен) мәжбүр болған. Жоғалып кеткен күні әйелдің жанында қомақты қаражат пен бағалы әшекей бұйымдары болған.