Полицияның алдын ала мәліметінше, бұрынғы аудан әкіміне найзағай түсіп, қаза болған
Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының бұрынғы әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің денесі табылды, деп хабарлайды 24.kz.
Мәйітті 14 маусымда тұрғындар тауып алып, полицияға хабар берген.
Оқиға орнына тергеу тобы шұғыл жетіп, 66 жастағы ер адамның көз жұмғанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол найзағай түсіп қаза болған көрінеді.
«Сотқа дейінгі тергеулер аясында өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алдын ала деректер бойынша, найзағай түсіп қаза болған. Зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ», – деп ШҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Нұрғазина мәлімет берді.
Тұрсынғазы Мүсәпірбеков – өңірге белгілі саяси қайраткер, Ақтамберді жыраудың ұрпағы. Мемлекеттік қызметте әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған. Соның ішінде 10 жыл Семей қаласы әкімінің орынбасары, ал 2011-2017 жылдары Абай ауданының әкімі болған.