|
07.02.2019 | 09:40
2248

СҚО-дағы қайғылы оқиға: қыз терезе арқылы үйден жалаң аяқ жүгіріп шыққан

Өрт салдарынан тұрғын үй, шаруашылық қора-жай мен автокөліктің күлі көкке ұшты.

СҚО-дағы қайғылы оқиға: қыз терезе арқылы үйден жалаң аяқ жүгіріп шыққан Sputnik / Алексей Мальгавко

Солтүстік Қазақстан облысында газ баллоннан шыққан өрттің салдарынан ер адам қаза тапты.

Солтүстік Қазақстан облысында газ баллонның салдарынан жеке тұрғын үйден өрт шығып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Трагедия Қызылжар ауданының Архангелка ауылында болған.

Шақыртылған жерге келген өрт сөндірушілер тұрғын үй мен оған жапсарлас салынған шаруашылық қора-жай өртеніп жатқанын көрген.

«Алғашында отағасы өртеніп жатқан үйге қызын құтқару үшін кірген деген ақпарат болды. Бірақ қызбен сөйлескеннен кейін ол терезе арқылы үйден жалаң аяқ жүгіріп шыққанын білдік, әкесі оған өз пимасын беріп, көршісінің үйіне жіберген. Өзі құжаттар мен ақшаны алып шығу үшін үйге қайта кірген. Содан қайтып шықпаған», - деді Атығаев.  

Өрт сөндірілгеннен кейін 1972 жылы туған үй иесінің мәйіті табылды.

Өртті сөндіруге ауа температурасының төмендеуі мен дүлей жел қиындық келтірді. Сонымен қатар, үйде газ баллоны жарылған.

Алдын ала болжам бойынша өртке осы жағдай себеп болған.

«Әйелі мен қызының айтуынша, ол газ баллонды үй иесі даладан алып келген. Тоңазып қалғанына қарамастан, оны орнатып, газды қосқан. Содан кейін ол үйден шығып, шаруашылық қора-жайға кеткен. Осы кезде қыз газдың иісін сезеді, кейін баллон жанып, перде отқа оранған», - деп атап өтті Атығаев.

Өрт салдарынан тұрғын үй, шаруашылық қора-жай мен автокөліктің күлі көкке ұшты. Өрт аумағы 190 шаршы метрді құрады.


Дереккөз: sputniknews.kz

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир