Қатыгез әке 3 жыл 3 айға сотталды
Қызылордада баласын пышақтаған әкеге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға ақпан айында болды. Кешқұрым баласы ас үйде әкесінің анасына айқайлап жатқанын естиді. Сосын әкесін сабырға шақыру үшін сонда барады. Ашуға булыққан әкесінің анасын ұруға ұмтылғанын көрген ұлы араша түспек боп әкесін итеріп жіберген.
Масаң күйде болған әке баласының бұл әрекетіне ашуланып, үстел үстінде тұрған пышақты ала сала, кеуде тұсына сұғып алады. Абырой болғанда пышақ жүрекке тура тимей, жанап өткен. Әйтсе де, ол баланың денсаулығына айтарлықтай зақым келтірді.
«Сот отырысында жәбірленуші, яғни баласы әкесіне кешірім беретінін айтты. Аталмыш қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды», – деп мәлім етті Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Баласының денсаулығына зақым келтірген әкенің 3 жыл 3 ай бас бостандығына шектелді. Оған пробациялық бақылау жасалады.