Белгісіз аң бір үйдің 15 қойын қырып кетті
Жыртқыш Самар ауданына қарасты Көкжота ауылындағы тұрғынның қорасына түскен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, белгісіз аң Болғанбаев көшесінде тұратын Еділхан Сарбасов есімді азаматтың 15 бас қойын қырып, 10 қойын жаралады. Көкжоталықтардың айтуынша, мұны істеген жабайы ит болуы мүмкін емес.
- Олар әдетте өлі малға ауыз салады, - деді ауыл тұрғындары.
Аталған елдімекенге аудан басшысы Нұрлан Махамбетов, ауылдық округ әкімі және жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері барып, жағдайдың ақ-қарасына үңілді. Олардың айтуынша, малға ойран салған жыртқыш қораға есіктің түбін қазып кірген.
- Сілеусін шығар деп топшылаудамыз. Қасқыр болса қойларды жарып кетер еді, ал бұл тек қанын ішкен. Жаралы 10 қой да бауыздалды, - деді әкімдік өкілдері.
Анықталғандай барлығын ауылдағы мал өлексесін көмуге арналған орынға тастайды.
- Өйткені аңның сілекейінде қауіпті ауру болуы мүмкін. Қазір ауылдық округ әкімдігі келтірілген шығынды есептеп жатыр, - деді аудан әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.
Кей тұрғындар "егер қанын ішіп кетсе, мұны істеген қарабауыр болуы ғажап емес" дегенді де айтты. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ауылға барып жұмыс істейтін дәрігерлерге көтерме ақы беріледі