Шымкентте газ баллоны жарылып, 2 адам зардап шекті

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Оқиғаның алдын ала себебі – қауіпсіздік ережелерін сақтамау
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен түні еліміздің екі бірдей өңірінде газ баллондары атылды. Төтеншеліктердің хабарлауынша, негізгі себеп – тұрғындардың көгілдір отынды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болып отыр. Талдықорғанда жарылыстың қатты болғаны соншалық бір адам қаза тапты. Оқыс оқиғалар жайында толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады. 

Шымкентте тұрғын үйде газ баллоны атылып, 2 адам зардап шекті. Оқиға кеше таңғы сағат бестер шамасында Еңбекші ауданының Жұлдыз шағын ауданында болған. Жеке тұрғын үй секторында сыйымдылығы 50 литрлік газ баллоны жарылып, салдарынан үйдің 30 шаршы метр қабырғасы құлаған. Мамандардың болжамынша, оқыс оқиға қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болып отыр. Тілсіз жауды ауыздықтауға 13 қызметкер мен 3 арнайы техника, сонымен бірге, апаттар медицинасы орталығының 3 қызметкері жұмылдырылған.

«Жарылыс салдарынан үйдің иесі 23 пайыз күйікпен ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, 2016 жылғы қызы да зардап шекті. Орталық дәрежедегі күйікпен қызы да ауруханаға жатқызылды»,– деді Шымкент қаласы ТЖД бас маманы Зарипа Тұрысбекова.

Талдықорғанда да газ атылып, соңы алапат өртке ұласты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерлерінің хабарлауынша  бір адам қаза тапты. Қызыл жалын кеше кешкісін Жетісу ықшамауданындағы көпқабатты тұрғынүйдің 4-ші қабатында тұтанған. Төтеншеліктер көрші пәтердегі 30 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгеріпті. Оның төртеуі балалар. Алапат өрт үйдің 36 шаршы метрін шарпыған. Оқыс оқиға салдарынан 66 жастағы азаматтың денесін күйік шалған.

«Өрт салдарынан пәтер толықтай бүлінбеген, алайда пәтердегі және кіреберістегі терезелер сынған. Көпқабатты пәтерде 25 литрлік газ баллоны жарылғаны белгілі болды. Үй негізінен орталық газбен жабдықталған»,– деді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Азамат Ержанұлы.

Қазір жарылыстан шошынып қалған тұрғындармен психолог мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Өз кезегінде сала мамандары қалалықтарға әсіресе, пешке от жағып отырғандарға қауіпсіздік ережелерін толығымен сақтауды сұрайды.

Ұлағат Арғын,«Алматы»телеарнасы.

Новости партнеров