Блок-бекеттегі апат: Жүргізуші бұрын полицияда жұмыс істеген

26.05.2020 16:28

BMW маркалы автокөліктің жүргізушісі 1994 жылы туған азамат

zakon.kz

Алматыдағы блок-бекетте ойран салып, екі полицейдің өмірін қиған мас жүргізуші құқық қорғау саласында қызмет еткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді. Алайда жұмысына немқұрайлы қарағаны үшін қызметінен босатылған.

«Блок-бекетте болған қайғылы оқиға бірден ішкі істер органдарында қызмет еткен екі полиция қызметкерінің өмірін қиды. Бірақ қайғылы оқиғаға себепкер болған жүргізушінің бұрын погон таққан адам болуы одан сайын жанымызды ауыртып отыр. Алты жыл полицияда жұмыс істеген ол қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін төрт рет тәртіптік жазаға тартылған. Ақыры оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ, өкінішке қарай, одан кейін де ол бұдан сабақ алып, ешқандай қорытынды жасамаған. Заңды белден басып, ақыры ауыр зардапқа әкеліп соғатынын біле тұра, мас күйінде көлікке отырып, қылмыс жасады», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ

Күдіктіге қатысты екі немесе одан да көп адамды өлтіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі, яғни «Адам өлтіру» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғалды. Қазір ол қамауда.