«70 мың теңгем жоқ, сен ұрладың». Шымкентте қанды оқиға болды

«70 мың теңгем жоқ, сен ұрладың». Шымкентте қанды оқиға болды
Туыстарының айтуынша, 4 жыл отасқан күйеуі мен әйелі жоқшылықтан жиі жанжалдасады екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте ерлі-зайыптылардың ерегісі пышақтасумен аяқталды. Оқиға «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты пәтердің бірінде болған, деп хабарлайды tengrinews.kz «Отырар»-ке сілтеме жасап. Туыстарының айтуынша, 4 жыл отасқан күйеуі мен әйелі жоқшылықтан жиі жанжалдасады екен. Ал бұл жолы екеуі де қанға боялып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан.

Қанды оқиға 23 желтоқсанда түс ауа болған. «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты пәтердің біріне қоныстанғанына жарты жылдан асқан ерлі-зайыпты ерегесіп қалады. Көршілерінің айтуынша, отағасы қатты ашуға булығып, әйеліне пышақ ала жүгірген. Ол терезені ұрып, көптен көмек те сұрапты. Ал сол арада әйелін жарақаттап үлгерген күйеуі өзіне де қол салмақ болғанға ұқсайды.

«Бұл үйде жиі жанжал болады негізі, осыдан 3 күн бұрында үлкен ұрыс болды. Күйеуі ауылына кетемін деп менен 200 теңге сұрады, кешке қарызын қайтарып берді. Ал бүгін түскі сағат 15:00 шамасында тағы да төбелес болды ғой. Барсақ, күйеуі жерде қан-жоса болып жатыр», - дейді көршісі. 48 жастағы ер адам мен одан 10 жас кіші жары жедел жәрдеммен қаладағы №1 клиникалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, екеуінің де өміріне аса қауіп жоқ болғанымен, ер адам әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.

«Ер адамның диагнозы - мойын аймағының көптеген жарақаты. Яғни, ол қалқанша безінің зақымдануымен келіп түсті. Түскен кезде ота бөліміне жатқызылып, жедел түрде ота жасалды. Бүгінде жағдайы бірқалыпты, бірақ жансақтау бөлімінде жатыр. Ал екінші адамның диагнозына келетін болсақ, көптеген пышақ жарақаты, яғни қол, жамбас және мойын аймағында. Бұл кісіге де дер кезінде ота жасалды, қазіргі уақытта жағдайы бірқалыпты, хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр», - дейді Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тайбек Садықов.

Ал ер адамның өзіне қол салды дегеніне туыстарының сенгісі жоқ. Сөздеріне сенсек, олардың шаңырақ көтергеніне - 4 жылдан асқан. Және 4 жасар перзенті бар. Әйел үйінде тігін тігеді, ал жолдасы - жұмыссыз. Жанжал да содан шығады екен.

«Бұл жанжал сол 70 мың теңгеден шықты. Жеңгем ағама жала жауыпты. «70 мың теңгем жоқ, сен ұрлап алдың», - деп. Ағам маған хабарласып, «мен алған жоқпын» деп жылады. «Қарындасым төбемде Құдай тұр, мен 70 мың теңгені алған жоқпын, өзім ақша таппаған соң, мен оны не істеймін?», - деді. Ал қазір жоғарыдағы дәрігерлерден сұрадым, ағамның мойны үш жерден қырқылған деді. Адам өз-өзіне қол салғанда, мойнын 3 рет қырқып тұрады дегенге сенбеймін! Оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес», - дейді қарындасы Әлия Әбжаппарова.

Бұл іс бойынша қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Айта кетейік, былтыр Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан екі әйел көз жұмған болатын. Биыл да жыл басынан бері тура сонша қайғылы жағдай тіркеліп отыр екен.

«Мегаполисте күніне отбасы жанжалдары туралы 40-45 шақырулар келіп түсіп отырады. Біз оларға барып, қорғау нұсқамасын шығарып, есепке алып отырамыз», - дейді Шымкент қалалық ПД ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы Данабай Алиев.

Полицияның ескертуін елемей, әйелін қайта сабайтындар көбейген. Тәртіп сақшыларының сөзіне сенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі жол беретін жәйттер көбіне қаладағы әл-Фараби ауданында тіркеледі. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте шаңырақ астындағы шудан зәбір көрген әйелдердің саны 2695-ке жетіпті.

Новости партнеров