Айдалаға апарып шешіндірген: Шығыс Қазақстанда ер адам 8 жасар қызды зорламақ болды

08.02.2019 14:54

Sputnik

Судья азғынды 15 жылға бас бостандығынан айырып, химиялық піштіруге үкім шығарды.

Шығыс Қазақстанда 8 жасар қызды айдалаға апарып, зорламақ болған ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды sputniknews.kz порталы YK-news.kz басылымына сілтеме жасап.

ШҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, қылмыс 2018 жылдың 11 қыркүйегінде Үржар ауылында болған.

«Мас ер адам 8 жасар қызды зорлау үшін айдалаға алып барған», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Қыз баланың айғайлаған дауысын ауыл тұрғындары естіпті. Үш ер азамат – Архат пен Мерхат Жақмановтар, Тоқтарғазы Қайрақпаев көмекке ұмтылып, азғынның арам ойын іске асыруға жол бермеді.

«Азаматтардың қырағылығының арқасында бүлдіршін зорлық-зомбылықтан аман қалып, қылмыс жасамақ болған ер адам 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар оны маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеуге және химиялық піштіруге үкім шықты», - делінген хабарламада.

Үкім әлі заңды күшіне енбеген.

Сот әкімдікке қызды құтқарған азаматтарды марапаттауға кеңес берді.