Бойжеткен ауылындағы колледжде аспаз мамандығында оқыған
Ақтөбе облысында 19 жастағы студент қыз жұмбақ жағдайда қайтыс болды, деп хабарлайды 1tv.kz.
Телеарнаның мәліметінше, қыздың денесі Бадамша ауылындағы бір үйдің моншасынан табылған. Марқұмның туыстары қызымыз ол үйге бармақ түгілі, тіпті жақын араласқан емес дейді. Сараптама кеудесінен тізесіне дейін дымы қалмай күйіп қалған қызды «иістен уланды» деп қорытынды шығарған. Алайда марқұмның жақындары мұнымен келіспейді.
Жұлдыз 19 жаста болған. Отбасындағы үш баланың кенжесі әрі жалғыз қызы. Ауылындағы колледжде аспаз мамандығында оқыған.
Сырқаттанып жүрген анасына қолқабыс болайын деп дәмханада жұмыс істеген.
«Мен оны иістеніп өлді дегенге келіспеймін, оны әдейі өлтірген.
Өйткені ол өзінен-өзі барып, біреудің моншасын жаға алмайды. Біріншіден, арақ ішіп, темекі тартпайтын, еш жерге бармайтын. Маған хабарласқанда «жүрегі тоқтап» қалды деді. Енді мына қағазда «угарным газом» делінген», - дейді марқұмның анасы Кенже Төлешова.
«Жазбаша арызды қабылдадық, тиісті тәртіппен тіркеледі. Сосын ол заңда бекітілген мерзімде қаралып, қылмыстық іс міндетті түрде зерттеледі», - деді облыстық Прокуратура тергеу басқармасының басшысы Тимур Қыдыралин.
Жұлдыздың жақындары оның ақжарқын, пысық, оғаш қылығы жоқ, ерке болғанын айтады. Колледжді аяқтап, дипломын алуына да небәрі санаулы уақыт қалған екен. Марқұмның жақындары бойжеткен иістен уланып өлді дегенге мүлдем сенбейді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына да күмәнмен қарап отыр. Сондықтан мәйітке эксгумация жасауға арыз беріп отыр.