Оқиға қаладағы №217 орта мектепте болған
Қызылордалық оқушы сыныптасына пышақ сұғып алды. Оқиға қаладағы №217 орта мектепте болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Үшінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде балалар сыртқа шығып жанжалдасып қалған. Оқушылар арасындағы жаға жыртыстың неден басталғаны әзірге белгісіз. Сабақ арасында үзіліске шыққан 11 сынып оқушысы сыныптасын үш жерден пышақтаған. Жәбірленуші бірден ауруханаға жеткізілді.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенованың айтуынша, пышақтың тиген жері сол иығы, сол кеуде тұсы және сол саны.
"Зерделеу, тексеру жұмыстары жүргізілді. КТ түсірілді. Кеуде клеткасын, ішкі құрылысын УДЗ-ге түсірдік. Баланың сыртқы тері қабаты ғана зақымдалған. Соған байланысты жара тігіліп, бала амбулаториялық бақылауға үйіне жіберілді", – дейді ол.
Оқушының суық қаруды мектепке қайдан, қалай әкелгені беймәлім. Ал білім бөліміндегілер жарақаттың пышақтан болғандығын жоққа шығарып отыр.
"Қалалық білім бөлімі және облыстық білім басқармасы тарапынан жұмысшы тобы құрылып, қазіргі таңда зерделеу жұмыстары жүрзіліп жатыр. Суық қаруды мектепке алып келмеген. Жеңіл дене жарақаты темір тектес үшкір затпен жасалған", – дейді қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Самат Күнқоджаев.
Күдікті жасөспірім қазір үйінде. Құқық қорғау орындары оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады. Аталған дерек Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша тіркеліп, тиісті сараптамалар жасалады.
Оқи отырыңыз: Серік Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр