Тау суы 11 үйдің ауласын басқан
Алматы облысының Кеген ауданындағы Түменбай ауылын су шайып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«23 маусым күні сағат 17.40-да шамасында Кеген ауданы Түменбай ауылында нөсер жаңбыр салдарынан ауыл іші көшелерін таудан аққан су басты. Тау суы 1 тұрғын үй кірген және 11 үйдің ауласын басқан. Оқиға орнына Аудан әкімі, Кеген ауылдық округінің әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің қызметкерлері барды. Төтенше жағдайды бірнеше техника жұмылдырылды. Адамдар зардап шекпеген», - делінген Кеген ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар нөсер жауын Кеген ауданындағы республикалық жол жиегін су шайып кетті.
«Алматы облысының Кеген ауданында республикалық маңызы бар Көкпек - Кеген - Түп - Жалаңаш - Саты - Көлсай көлі жолының 10-11 шақырым аралығындағы жиекті 23 маусым күнгі нөсер жаңбыр шайып кетті. Аталған учаскеде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу мекемесі, аудан әкімшілігі, полиция қызметкерлері, ДЭУ-91 мекемесінің өкілдері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, жол қозғалысы қалпына келтірілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында табиғат салдарынан орын алған жағдайды қалпына келтіру жумыстары жүргізілуде», - делінген хабарламада.